Тұңғыш рет қазақ тілінде Қазақстан тарихы мен мәдениетінің үлкен атласы жарық көрді

11-October, 2011 · Бөлімі: БАСПАСӨЗ МӘЛІМДЕМЕЛЕР · 1,134 рет оқылды

Тұңғыш рет қазақ тілінде Қазақстан тарихы мен мәдениетінің үлкен атласы жарық көрді

 

Ежелгі дүниеден бүгінге дейінгі Қазақстан тарихы мен мәдениеті егжей-тегжейлі баяндалған «Қазақстан тарихы мен мәдениетінің үлкен атласы» ғылыми мәтіннен және көптеген карталардан, тарихи фото және көркем суреттерден құралған.   

Бұл еңбекті ғалымдар мен редакторлардың және құрастырушылардың бір неше  жылдық тынымсыз ізденісінің жемісі деуге болады. 880 беттен тұратын атласқа түрлі саладан барлығы 250-ге жуық маман атсалысты. Ғылыми мәтінді жазған 80 автордың 2-еуі ҚР ҰҒА академигі, 24-і ғылым докторы (оны 16-сы профессор), 42-сі ғылым кандидаты (оның 9-ы доцент). Жобаны дайындау үшін көршілес Ресейден 27 ғалым шақырылды, оның да 8-і ғылым докторы, 12-сі ғылым кандидаты.   

Елімізде кеңінен танымал 8 ғалым Бас редакцияның алқа мүшесі ретінде Үлкен атластың жекелеген тарауларына жетекшілік етсе, ғылым мен мәдениет саласының 18 қайраткері Редакциялық кеңес мүшесі болды.  

Кітапқа пайдаланылған фотосуреттер мен көркемсуреттер барлығы 22 ғылыми мекеме қорынан жинақталды (оның жетеуі Ресейдікі), Қазақстан мен Ресейдегі 60-қа жуық фотосуретшінің еңбектері пайдаланылса, 9 суретші өз қолдарымен салған бейнелеу материалдарын ұсынды.   

Карта жасаушыларды, редакторларды, әрлеушілер мен беттеушілерді қосқанда бас-аяғы 22 маман осы атласты құрастырумен тікелей шұғылданды.  

Басылым арнайы рецензенттердің (1 ғылым докторы және 3 ғылым кандидаты) мақұлдауынан өтті.

Үлкен атлас «Табиғат», «Археология және тарих», «Этнография», «Қазіргі Қазақстан», «Қазақстанның қалалары мен облыстары: тарих және мәдениет ескерткіштері»  атты бес ірі тараудан тұрады. Мұның ішіндегі ең үлкені «Археология және тарихтың» өзі (610 бет) ары қарай «Ежелгі дәуір; «Ортағасыр» (Түркі мемлекеттерінің дәуірі, Моңғол империясының құрылуы мен ыдырауы. Шыңғыс әулетінің үстемдігі; Қазақ мемлекеттілігі дәуірі); «Жаңа заман», «Кеңестік Қазақстан» деп аталатын төрт бөлімге бөлінеді. 

Кітапта ең бірінші көзге түсетін жайт — ғылыми тұрғыдан сарапталып, тарихи негізіне мейлінше ұқсата салынған көне тұрғын жайлардың, көне қару-жарақтар мен киім кешек, сауыт-саймандардың көркем суреттері көрушіні таңғалдырмай қоймайды. 100-ден астам мұндай суреттердің ішінде 58 реконструкцияны ерекше атауға болады. Мәскеулік белгілі тарихшы әрі өнертанушы М.В.Гореликтің Қазақстанның арғы-бергі тарихындағы барша қару-жарақ түрлерін зерттеп, оларды күллі Еуразия даласындағы қару-жарақ, сауыт-сайман түрлерімен салыстыра салған суреттері көне түркіден XIX ғасырдың соңына дейін қолданылып келген қазақ қару-жарақтары мен сауыт-саймандарын көз алдымызға әкеледі. Кітапты парақтаған әрбір оқырман сауыт киген ғұн көсемі Атилла патшаны да, арғымақ мініп, қару асынған қазақ ханы Жәнібекті де, қыпшақ әйелі мен моңғол әйелінің киімін де көре алады.

Сондай-ақ кітапта 140-қа жуық көне карта, Алматының, Шымкент пен Тараздың, тағы да басқа тарихы мен дәстүрі бай қалалардың мұрағатынан алынған сирек кездесетін 4 мыңға жуық фотосурет көрініс тапты. Көптеген көркемсуреттер мен көне карталар Ресейдегі Орыс географиялық қоғамы мен РҒА Материалдық мәдениет тарихы институтының мұрағатынан, Ресей Ұлттық кітапханасы мен Санкт-Петербургтегі Мемлекеттік Эрмитаж қорынан, Қазақстанға қатысты деректер сақталған тағы да басқа ресейлік мұрағат орындарынан алынды.

Кітаптағы көне карталар, фотографиялар мен иллюстрациялар баспасөз бетінде бұған дейін жарық көрмеген, көпшілігі тұңғыш рет жарияланып отырған дүниелер.

Көне карталар қазақ жеріндегі дәстүр мен өркениеттен хабар берсе, кейінгілері қазақ жерінің XIX ғасырдан бастап кешегі күнге дейін қалай бөлшектенгенін айқын көрсетеді. Еділ мен Жайық арасындағы қазақ жерін қағаз бетіне түсірген неміс картасы (1837), Орынбор өлкесінің әкімшілік бөліністерін көрсетін орыс картасы (1870), қазақ даласын жалпы сипаттайтын ағылшын карталары XIX ғасырда қазақ жеріне көз тіккен елдердің нені көздегенін толық аңғартады.

Қазақ мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін сирек кездесетін қызғылықты фотосуреттер де жеткілікті. Бұл ретте XVIII ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген, жұртшылыққа көп таныла қоймаған Барбиштің қаламынан туған картиналар ерекше. Қазақ халқының салт-дәстүрі, саудасы, көші қоны, жерлеу мен жазалау рәсімдері бейнеленген бұл суреттердің әрқайсысы ұлтымыздың тарихы мен мәдениетіндегі баға жетпес құндылыққа айналып отыр. Суретші А.О. Орловскийдің XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың басында салған «Казактардың қазақтармен шайқасы» атты картинасы да жұртшылық назарын аудармай қоймайды. 

Сонымен қатар қазіргі ірі қалаларымыздың XIX ғасырда түсірілген көптеген сирек кездесетін фотосуреттері де еліміздегі қала тарихынан сыр шертеді.

Үлкен атласқа, атынан көрініп тұрғандай, жүз отыздан астам бірегей авторлық карталар енгізілді, оның ішінде ежелден бүгінге дейінгі қазақ жерінің тарихи дамуына арналған сексен карта алғаш рет жасалды. Жиырма төрт карта үш жарым мың жылдан астам уақытта біздің өлкеміз бастан өткерген тарихи процесті бүкіл Еуразия тарихы аясында қарастыратынымен ерекшеленеді. Картада әр кезеңдердегі соғыс жорықтарының бағыттары, тайпалардың көші-қондары мен қоныстары және сауда байланыстары, республиканың археология ғылымындағы ең соңғы жаңалықтар, жаңа қалалар мен кенттер, елдегі ірі тарихи және мәдени ескерткіштер көрініс тапты.

Тарихты тұтастай түсіну мен көз алдымызға келтіруде қай уақытта да картографиялық карталардың маңызы өте зор. Қазақстанның тарихи карторграфиясы шын мәнінде әлі күнге ақтаңдақ күйде тұр. Бұрынғы өткен уақиғалар мен құбылыстардың ауқымы мен маңызы тарихи процесті географиялық карта бетіне түскенде ғана толық көрінеді. 

Бұл тұрғыда «Қазақстан тарихы мен мәдениетінің үлкен атласы» секілді басылым елімізде әзірге жарық көре қоймағанын сеніммен айтуға болады. Атлас материалдарының ғылыми айналымға енуі қазақ тарих ғылымына жаңа серпін беретіні, ел тарихшыларын тың зерттеулерге жетелейтіні анық.

Жобаның бас жетекшісі – «АБДИ Компани» АҚ президенті  Әбдібек Бимендиев, бас ғылыми редакторы — тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Өскенбай.

Қолдарыныздағы «Қазақстан тарихы мен мәдениетінің үлкен атласы» орыс тіліндегі «Большой атлас истории и культуры Казахстана» атты нұсқасынан (А., 2008) тәржімаланды. Сонымен қатар қазақ тіліндегі басылымына елеулі өзгертүлер мен толықтырулар еңгізілді, кейбір тараулар қазақ тілінде қайта жазылды. Аударманы филологтар мен тарихшылардан құралған мамандар тобы жүзеге асырды.

Besucherzahler russian brides interesting marriage foreign men
счетчик посещений