«Украинаның қандай екенін білгің келсе, оның тарихын біл!»
Кез-келген украинмен жағдай сұрасып көріссеңіз, осылай деп жауап береді. Халықтың басым бөлігі елдегі саяси оқиғаларға баға беріп, әңгіме етуден шаршаған немесе құлықты емес. Сондықтан кез келген туриспен сөйлескенде әріден, тарихтан бастағанды жөн санайды.
Өйткені олар өткенін мақтан тұтады. Тарихын қайта түгендеп, бұрын қатталып қойған дүниені қайта жазып шығудан жалықпайды. Бірнеше ғасырлар бойы сақталған сәулеттік-ескерткіштер украиндықтардың ең басты рухани азығы. Елдің мемлекеттік идеологиясы да – отанды сүю, тарихты қастерлеу сияқты ұғымдардың, яғни, халықтың этнопсихологиялық қасиеттеріне бағытталғанын байқадық.
Украин халқы өздері туралы шындықты тек Ресейдің ақпарат көзі арқылы ғана емес, шынайы танып білгенін қалайды.
Ең кереметі – уақыт пен сұрапыл апаттар, түрлі адамзат қатыгездігі бұл елдегі ежелгі ғажайып құрылыстарды жер бетінен жоя алмапты. Қалай сақталып қалғанына таңданасың.
Таяуда Украинаның Сауда және экономикалық даму министрлігі мен «Украина баспасөз клубы» АА «Оpening Ukraine" бірлескен жобасы аясында бірқатар шетел журналистерін туристік мақсаттағы баспасөз турына қатысуға шақырды.
Қазақстан, Сербия, Туркия, Молдова, Беларус тағы да басқаЕуропа елдерінен келген БАҚ өкілдері бес күн ішінде Украйнаның бес облысын аралап, туристік нысандармен таныстық. Қазақстаннан БАҚ өкілдері тобын Қазақстан Журналистер Одағының хатшысы Баян Рамазанова бастап барды.
– Мұндай баспасөз туры шетелдік саяхатшыларға украин жеріндегі туристік жауһарларды тереңінен тануға мол мүмкіндік береді. Біз Украинаны жаңа қырынан таныстыруға әрі туристер үшін қауіпсіз ел екенімізді көрсетуге мүдделіміз, – дейді Украинаның сауда және экономикалық даму Министрлігіне қарасты туризм департаментінің міндетін атқарушы Виталина Мартыновская.
Ресми Киев туризмді дамытуға шындап кіріскен. Кеш болса да арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылданып, қомақты қаражат бөлініп, сәулеттік-ескерткіштерді мемлекет қорғауына алу сияқты қым-қуыт жұмыстар атқарылып жатыр. Мәдени ескерткіштердің көптігі сонша барлығын бірдей күтіп-баптауға мемлекеттің қаражаты жетпейді. Сондықтан кейбір гуманитарлық саладағы білім ұйымдары тарихи нысандарға жөндеу жүргізуге шамасы келмесе де, оны күзетіп отыруды өз жауапкершілігіне алған. Әрі бұл білім ұялары үшін үлкен абырой және жас ұрпақты өлкетануға үйретуге септігі мол.
Шетелдік журналистер тобы алғашқы боп табан тіреген Житомир облысы славян мәдениетінде маңызды рөл атқаратын, тарихи бай өлке. Облыстың үштен бір бөлігін орман алқаптары құрайды. Мұнда аумағы 20 мың гектарды алып жатқан атақты Полесский табиғи қорығы бар.
Житомир-осыдан 100 мың жыл бұрынғы алғашқы адам іздері табылған аңыз бен шежіреге толы өлке.
Житомирдегі Радомысль қамалы Шығыс Еуропадағы үй икондарының ең көп экспонаттары жинақталған алып мұражай. Православ дінін ұстанатындардың осында ағылып келіп жататыны да сондықтан.
Ал бізді қызықтырғаны қамал ішіндегі алғашқы қағаз фабрикасы болды. Бағзы заманнан елдің діни сауатын ашуға қызмет еткен баспа әлі де өндіріске жарамды. Саяхаттап келгендерді қызықтыру үшін мұражай қызметкерлері бар жағдайды жасап бағуда. Ескі қамалдың жұмбағы мен сырын сезіну үшін XVII ғасырдың технологиясымен өзің қалаған мәтінді қағазға басып шығаруға мүмкіндік береді.
Әлемдегі космос ғылымының іргетасын қалаған атақты Сергей Королев дәл осы Житомир қаласында дүниеге келген. Ол туып өскен үй қазір мұражайға айналған. Сергей Королев КСРО-ны алғаш рет бүкіл әлемге қорғаныс өнеркәсібінің державасы ретінде танытқан тарихи тұлға. Житомирліктер мұны мақтаныш етеді.
Ғарыш әлемі кеңістігіне ұшу идеясы да дәл украин жерінде пайда болған деп те есептейді. Осы идея жалпыұлттық маңызға ие. Сондықтан да болар жастар арасында астрономия, космонавтика, космогония саласына қызығушылық басым. Ракета-космостық жүйе конструкторының құрметіне ашылған Королев атындағы мұражай халықтың ең көп келетін орны. Мұражай кешені ғарыш әлемінің атмосферасын беретін элементтерге бай. Жастардың ғылым, физика, жаңа технология саласына қызығушылығын оятуға бірден-бір себеп болатын орын екені бірден байқалады. Житомирщина тұтастай алғанда, ішкі туризмді дамытуға қолайлы аймақ.
Украин жеріндегі туризмнің ең танымал түрі – экотуризм. Туризмнің бұл түрін «жасыл туризм» немесе агротуризм деп те атайды.
Яғни, кәдімгі ауылдық жердегі демалыс. Әлемнің көптеген мемлекеттері бүгінде агротуризмді дамытудың өзіндік жолдарын қалыптастырып, үлкен пайдаға кенеліп отыр. Бір қызығы, ауылдық туризм әлемдік туристік индустрияның ең қарқынды дамып келе жатқан саласы. Жалпы Еуропа елдерінде мәселен жыл сайын Италия, Франция, Испания бірнеше миллион агротуристерді қабылдайды екен. Бүгінгі таңда Украина, Ресей мен Беларусия елдері де туризмнің агротуризм сынды табысты түріне айрықша көңіл бөлуде, әрі оны жан-жақты қолдап, дамытуда.
Ауылдық туризм саласында заманауи қонақүй тұрғызудың да қажеті жоқ. Ол табиғаттың көркін бұзады. Жасыл туризм – ауылдың шынайы өмірін қабылдау. Туристер демалатын табиғи орындардың іргесіндегі ауылдарды туризм саласына тарту тиімді үрдіс ретінде танылып отыр. Украинада осындай «агроусадьба» көп. Туризмнің бұл түрі дұрыс жолға қойылғанына тамсанасың. Ауыл тұрғындары туризм саласындағы жұмысқа тартылған, олар еңбек етіп, ақша табуда. Туристке алдымен ұсынатыны – украинның ұлттық хатасы. Хата – украиндер үшін тұрғын үй ғана емес ол киелі баспана. Хатаның іші неғұрлым түрлі-түсті бояумен көбірек өрнектелгені жақсы. Туристерді таңертең тұрғызып, қолыңа шалғы ұстатып, шөп оруға жібереді. Малдарына қарайсың, хатаны түрлі бояумен оюлап безендіру ісіне де қатысасың. Егін жинау ісіне араласасың. Табиғи таза өнімнен тағам әзірлейсің. Және сол үшін ақша төлеп кетесің. Бар болғаны осы.
Осындайда біздің қазақ ауылдарында да дала дәстүрінің дара салтын көрсететін керемет мастер-класстар өткізуге болар еді деген ойға келесің. Оған атбегілік, құсбегілік өнерді қосса тіпті керемет. Бір тиімді тұсы бұл көп қаражатты да талап етпейді, бар болғаны ауылдың күйбең тірлігінде күнделікті жүріп жатқан тыныс-тіршілік әрекетін әдемі етіп, әсерлі етіп ұсыну ғана.
– «Экотуризмнің бір мәні – тамырдан ажырамау», – дейді украиндықтар. Жалпы жаһанданудың жойқын толқынында жаңқадай жұтылып кетпеу үшін өрелі халықтар өздерінің ұлттық кейпін сақтап қалудың қамын жасап жатыр. Соның бірі агротуризмді дамыту.
«Дамыған қалалар озық технологияны жаппай пайдалану жүйесіне көшті. Сағат сайын өркениет игіліктерінің қызығына батуда. Біз бірақ бір нәрсені естен шығардық. Біз сол жаңа технологиялар үшін күнделікті денсаулығымызды құрбан етіп жүргеніміз де жасырын емес», – дейді Киев пресс-клубы басқармасының орынбасары Роман Пересунько.
РОВЕН. Дубно.
Ровен облысы Украинаның солтүстік-батыс бөлігін алып жатыр. Ровен аймағын тарихшылар әйгілі Волынь тарихының ажырамас бір бөлігіне жатқызады. Тарихи ескерткіштерге бай өлкенің бірі. Мұнда туристер қызығатын бірнеше орындар бар. Олар - Дубно тарихи мәдени қорығы, Острожский княздығының Қамалы, Таракан бекінісі және Клевань селосындағы «Махаббат өткелі».
«Острожский қамалы. XV ғасыр. Дубно. Бұл сарай Украинаның жеті кереметіне жататын ең көне қамалдарының бірі.
«Сұқ көзіңді қадама! Айналасы 73 пушкамен нығайтылып және Икво өзенімен қоршалған. Бұл алынбайтын қамал!»
Қонақтардың алдынан шығатын ортағасырлық «кілтші әйел» кейіпіндегі украин әйелі дәл осылай асқақ үнмен тіл қатады. Бұл қолына шам ұстап, туристерді гайдуктармен (бекініс әскерлері) бірге музыкамен күтіп алатын мұражай қызметкері.
Өткенге тарих көзімен үңіліп, шежіре тілмен сөйлеседі. Дубен бекінісін қонақтар әдетте тек түнде тамашалайды. Ортағасырлық тарихи кейіпкерлер қасыңда өріп жүреді. Жерасты зынданына түсіріп, «саспенс» (ағл.suspense— белгісіздік) жанрымен түрлі аңыздар мен елестер қойылымын қойып, қорқыныш әсерін тудырады. Алайда экскурсияның соңында көңілді би балынан бір-ақ шығарады. Міне, бұл туризмді насихаттау.
Бекіністе бағалы ыдыстар мен картиналар, кітаптар иен икондар, қару жарақтар қоры сақтаулы.
ЧЕРКАЩИНА
Жалпы Украинаның туристік саласындағы сәні мен мақтанышы Софиевка саябағы. Софиевка Ұлттық дендрологиялық саябағын көру үшін жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен 500 мың турист келеді. Аумағы – 179,2 гектар. 2000-ға жуық ағаш түрі бар. Украинаның жеті кереметінің бірі. XVIII — ғасырдың алғашқы жартысы мен XIX ғасырдың басында құрылған. Саябақ Черкас облысының Умань қаласының жауһары. Саябақ экзотикалық ағаштармен ғана емес түрлі архитектуралық мүсіндер мен тастар және фонтандарымен ерекше. Саябақтың өн бойы масон символикасымен әспеттелген.
Софиевканың пайда болуы да аңыз бен шежіреге толы. Саябақ – София есімді сұлу әйелдің құрметіне салынған дейді тарихшылар. XIX ғасырдың басында Еуропада шалқып өмір сүрген әрі жомарттығымен танымал болған граф Потацкий сүйіктісі Софияның туған күнінің құрметіне осы саябақты салдырып, сыйға тартыпты.
Тараканов бекінісі
Жалпы Украинада кезінде жау шапқыншылығынан қорғану үшін салынған бекіністер өте көп. Әсіресе моңғол-татар әскерлерінен көп зардап шеккен.
Ал, Тараканов бекінісі XIX ғасырдағы теңдесі жоқ қорғаныс архитектурасына жатады. Бұл бекіністің әлемде аналогы жоқ.
Қысқа қайырғанда, бұл бекініс қирандыларының қалдығы. Қамал XIX ғасырда Ресей империясының батыс шекарасын қорғау үшін салынған дейді. Кейін поляктарға, сосын немістерге қараған. Капитуляциядан соң немістер бекіністі тастап кеткен. Аумағы 4 гектар. Қабырғаларының ұзындығы 220 метр. Аңыз бен жұмбаққа толы талай сырды ішіне бүгіп жатқан тарихи нысан әсіресе тарих зерттеушілерін көп қызықтырады. Қараусыз қалып келген бұл архитектуралық қирандыларды украин елі бүгінде қорғаныс министрлігінің қарауына бермекші.
Махаббат өткелі. Клевань селосындағы феноменді табиғи-техникалық нысан. Жұрт мұны «махаббат өткелі» деп атап кеткен.
Туристердің ең көп келетін орны. Табиғаттың өзі қалың орман ағаштарын иіп, темір жолдың бойына арқа пішіндес өткел жасаған. Бұл туралы махаббат дастандары көп. Ал кейбір зерттеушілер құпия әскери бөліміне апаратын рельс жолының бойына ағаштарды әдейі тығыз еккен дейді. Қалай десек те, бұл қазір әсіресе көктем айларында туризмге қызмет ететін романтикалық нысан.
ВИННИЧИНА
Украинаның Виницкая облысында Буша деп аталатын мекен бар. Түркиядан келген әріптесім екеумізге осы Буша бәрінен де қызықтырды. Өйткені мұнда (Буша мемлекеттік мәдени-қорығы) Б.з.б. VII – VI ғасырлардағы Сақ дәуірі тайпаларының мәдениеті, қолданбалы өнерінің бұйымдары табылып, сақ мәдениеті ескерткіштерінің мол жиынтығы сақталған.
Сақ өнерінің хайуанаттық нақышы дүниежүзілік адамзат өркениетінің тамаша жетістіктеріне жатады.
Ғалымдар темір дәуірі деп болжап отырғанымен (суретте) «Әйел мен бұғы» ескерткішінің жұмбағы мен сыры осы күнге дейін беймәлім. Тасқа қашалған ескерткіште аяғы ауыр әйел мен бұғы күн сәулесіне қарай беттеп бара жатқаны бейнеленген. Ескерткіштің екінші бөлігінде де динамикаға толы бейнелер кездеседі. Сақ дәуірінен қалған бұл күрделі композицияның мазмұны мен мифологиясы тарихшылар тарапынан толық зерттелмепті. Тарихшылар дәл осы бейнелеу өнері Бушада табылған басқа да жәдігерлердің ешбірінде кездеспегенін айтады. Бұғылардың бедерлеп салынған суреттері көп, алайда адам бейнесімен бірге бедерленген жалғыз ескерткіш осы Буша маңында сырын да, сынын да бермей тұр.
Буша қорығының қызметкері ескерткішті айналшықтап кетпей жүрген бізге «Бұл сіздердің ежелгі ата-бабаларыңыздың қасиетті өнері мен мәдениеті», – деді...
Украин елінде 5000-нан астам ортағасырлық қамал мен сарай бекіністері сол баяғы қаз-қалпында қасқайып тұр.
Тарихы – тірі. Көз алдыңда сөйлеп қоя береді. Кәдімгі ертегілер әлемі дерсіз... Осындайда қазақ даласындағы бар сырын ішіне бүгіп, топырақ астында қалған қалаларды аңсайды екенсің...
Украиндер мінезі жайдары, ашық және әзілқой халық. Мемлекеттік қызметкері де, қарапайым халқының да ойы орамды, тілі тапқыр. Тіршілік күйбеңін ашынып емес, бір-ақ ауыз өткір қалжыңмен түйіндей салады.
Айгүл Қапбарова
http://www.shymkala.kz/index.php/world/item/4569-ukrainy-zheti-keremeti