Бүгінгі таңда қазақ журналистикасы мен әдебиетінде Шер-аға – Шерхан Мұртазадан үлгі алмаған қаламгер некенсаяқ шығар!

Алғаш оқырмандарына ақын ретінде танылып, кейіннен кемеңгер жазушы-журналистке айналған ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның халық жазушысы, Қырғыз Республикасының халық ақыны Шерхан Мұртазаұлы бақилыққа аттанып, күллі Қазақстан халқы қара жамылып отырмыз. Кешелі бері БАҚ мекемелері мен қоғамдық желілерде шындықты ту етіп ұстаған абыз ұстазын жоқтап, еске алып жатқандардың есебі жоқ. Бір кездері кемеңгер жазушымыз Мұхтар Әуезов, батыр Бауыржан Момышұлы, арда тұлға Дінмұхаммен Қонаев секілді көрнекті мемлекет һәм әдебиет қайраткерлерін жоғалтқанда ғана ел болып, қоғам болып дәл осылайша қайғырып жоқтаған шығармыз. 
Иә, Шер-ағаны шын мәнінде осылай жоқтайтын жөніміз бар. Ол - Компартияның қылышынан қан тамып тұрған жылдарда, сол Компатия түбіне жеткен Тұрар Рысқұловтай ірі мемлекет қайраткерін ұлтымыздың алтын тарихына қайта оралтқан абыз жазушымыз еді. Ол – өзі М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік универститетін тәмамдаса да «айыр тіл – жыланда ғана болады» деген ұстаныммен күллі шығармаларын ана тілінде жазған ұлтшыл қаламгер еді. Ол – әлем таныған қырғыз жазушысы Ш. Айтматовтың «Қош, Гүлсарысынан» бастап, «Жан пидасына» шейінгі көркем туындыларын, әлем әдебиетінің классик жазушылары Г.Андерсеннің, М.Кәрімнің, Э. Эрксиннің, Л.Лагинның шығармаларын мөлдірепіт тұрып қазақ тіліне тәржімалаған шебер аудармашы еді. 
Ол – өзі еңбек еткен БАҚ орындарына, қазіргі тілмен айтқанда, инновациялық өзгерістер енгізе білген ғажап ұйымдастырушы еді. Бұған Шер-ағамыздың «Қазақ Әдебиетінде», «Егемен Қазақстанда» және «Қазақстан» мемлекеттік телерадиокомпаниясында еңбек еткен жылдары бұлжымас дәлел. «Шер-ағаның шекпенін» жамылған қаншама журналистің, қаншама жазушының бағы жанып, қазақ баспасөзі тарихынан ойып тұрып орын алды десеңізші! Ол – ел билеушісіне Бұхар жыраудай ойын бүкпесіз айта білген халық жоқтаушысы еді.
Міне, осындай абызынан айырылған ел күңіренбегенде қайтсін?!? Осындай абыз-ұстазынан айырылған шәкірттері ботадай боздамағанда қайтсін?!? 
Шерхан Мұртаза ағамыз қазақ әдебиетінде қандай сомды шығармалар қалдарса, қазақ журналистикасында да сондай сүбелі мақалалар қалдыра білді! 
ҚР Журналистер Одағы ұжымының атынан Қазақстан халқына, барша оқырмандарына, шәкіртеріне, рулы елі мен отбасына қайғырып көңіл айтамыз. Патша Құдай алдыңызнан жарылқасын, Шерхан Мұртаза аға!

Сейтқазы Матаев
ҚР Журналистер Одағының төрағасы