Әсет Матаевты қоныс-колониясына аударудан бас тарту – оның кәсіби қызметімен байланысты болуы мүмкін, - деп санайды сөз бостандығын қорғайтын халықаралық «Әділ сөз» қорының президенті Тамара Калеева.

«Сейітқазы Матаевты (ҚР Журналистер одағының басшысы – ҚазТАГ) шартты түрде ерте бостандыққа шығару мерзімін жарты жылға кешіктіргені және ол үшін ең жөнсіз кедергілер ойлап тапқаны, мені қатты таң қалдырған болатын кезінде. Бүгін Әсет Матаевтың бастан кешіп жатқан жағдайы – С. Матаевтың оқиғасын еске салады. Себебі Әсетте оң мінездеме және заңды негіз бар, бірақ, бәрібір, тосқауыл қойып отыр. Мүмкін, мұның бәрін әдейі, Әсет өзінің кәсіби міндеттерін орындамас үшін істеп отырған болар? Ол ҚазТАГ-тің талантты басшысы болды және сот рұқсат бере салысымен, Әсет қайтадан БАҚ-та жұмыс істейді. Мүмкін, осыдан қорқып отырған шығар», - деді Т. Калеева дүйсенбі күні өткен баспасөз-конференциясында.

Ол, сондай-ақ, соттың «зиянның орнын толтыру керек» деген шешімін орындауға да кедергі келтіріп отырғанын атап өтті.  

«Алайда, егер ол материалдық залалды толық өтемесе, бұл оның өтінішін қанағаттандырудан бас тартуға негіз бола алмайды. Әсет кінәні мойындап отырған жоқ, бірақ заңға бағынатын адам ретінде соттың шешімін орындап жүр. Ол миллионер емес, сондықтан ай сайын миллиардтаған теңге төлей алмайды. Ә. Матаев отбасын асырап, соттың шешімін орындау үшін жұмыс істеуі керек, ал оған кедергілер келтіріп отыр. Мұның бәрі әзірге өте түсініксіз және қауіпті», - деді ол.

Адвокат Андрей Петров, өз кезегінде, соттың Ә. Матаевтың өтінішін қанағаттандырмауға ешқандай заңдық негіз жоқ екенін бас айтты.

«Сот – қаулының тек қорытынды бөлігін оқыды. Мен, қорғаушы ретінде және сотқа қатысушылардың бәрі оны естігенде, қатты есеңгіреп қалдық. Қылмыстық-атқару заңнамасына сәйкес, судья біздің өтінішті қанағаттандырмау үшін қаулыда не жазатынын, қандай уәждер келтіретінін мен көз алдыма елестете алмай отырмын. Біздің заңнамада оған бірнеше себептер ғана бар, бірақ олар көп емес. Егер сотталған ерекше ауыр қылмыс жасаса немесе экстремизммен байланысты болса, немесе сотталған өлім жазасы кесілсе, я болмаса ол жазаны өмір бойы бас бостандығынан айыруға айырбастаса, сот оның өтінішін қанағаттандырудан бас тартады. Бұлардың бірде бірі Әсетке қатысты емес. Сіздер түзету мекемесі әкімшілігінің өте жақсы мінездеме бергенін естідіңіздер. Бүгінгі күнге Ә. Матаев 37 млн. теңге шамасында соманы өтеді. Бұл жағдайда, яғни мекемені айырбастау кезінде зиянның орнын толық қалпына келтіруді заң талап етпейді. Біз қазір соттың қаулысын тосып отырмыз, ертең оны алатын шығармыз, сол кезде ары қарай шағымданамыз», - деді А. Петров.

Қазақстан Журналистер одағының басқарма төрағасы С. Матаев: Әсеттің құқын қорғау үшін, керек болса, халықаралық ұйымдарға шығуға дайын екенін жеткізді.

«Мен үшін бұл жағдай мүлдем түсініксіз. Сот осындай шешімді қалай шығарады, ол немен байланысты. Заңнамаға сәйкес бірнеше шарт орындалуы керек: белгіленген мерзімнің 1/3 өтуі тиіс, ол мерзім биылғы жылдың 28 ақпанына келді, тәртіпті әдейі бұзған оқиғасы болмауы керек. Сіздер білесіздер, біз үш түрмеден өттік, бірақ еш жерде тәртіп бұзу оқиғасы орын алған жоқ. Және Әсетте 2-ші не 3-ші деңгейдегі оң мінездеме болуы керек. Әкімшілік комиссияның шешімімен оған екінші деңгей берілген. Сондай-ақ, өтініште оның үш кішкентай баласы және бірқатар БАҚ-тың оны жұмысқа аламыз деген хаттардың бар екені жазылған. Сондықтан өтінішті қанағаттандырмауға заңдық негіз жоқ. Ал соттың істеп отырғаны шектен шыққан заңсыздық. Менің ойымша, бұл жерде «телефон құқығы» өз рөлін ойнады немесе бұл істі Астанадан бақылап отырған. Біздің ісіміз қоғамның назарын өзіне аударған іс болды. Біз кінәні мойындауға келіскен жоқпыз. Мен үндемей отырмаймын. Мен халықаралық ұйымдарға өтінішпен шығам. Шетелдік БАҚ-тардан көп қоңырау түсті. Егер біз ештеңе бұзбасақ, мен неге үндемей отыруым керек?» - деді С. Матаев.    

Еске сала кетейік, журналист Ә. Матаев 2016 жылы 3 қазанда алаяқтық жасады-мыс деген айыппен 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілген болатын. Бірақ ол өзіне тағылған айыптарды барлық баптары бойынша мойындаған жоқ және кінәсін де толығымен мойындамады. Бірқатар халықаралық журналистік және құқық қорғау ұйымдары қаржы полициясының қылмыстық қудалауы мен соттың үкімін тапсырыспен істелген және саяси астары бар іс деп санады.