Құрметті әріптестер!
Қазақстан Журналистер одағының 60 жылдығына орайластырылып өткізілген Баспасөз және байланыс қызметкерлері күніне арналған дәстүрлі ҚЖО лауреаттарын анықтау байқауы аяқталды.
Кеше оның жеңімпаздарының тізімі біздің сайтымызда және басқа бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғанын жақсы білесіздер. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаттарын шын жүректен құттықтаймыз! Қазылар алқасы мен ұйымдастырушылардың атынан барлық қатысушыларға байқауға белсене қатысқандары үшін үлкен алғыс білдіреміз.
Биылғы мерейтойлық байқау ерекше өтті деп батыл айта аламыз. Үстіміздегі жылғы байқауға қатысуға өтініш білдірген журналистер саны екі
есеге артып, мақалалар саны да соншалықты көбейді. Қазақ тілінде жазатын 47 журналист, орыс тілінде жазатын 48 журналист өз жұмыстарын әділ қазылар алқасына жолдады. Екі тілдегі материалдар саны жарты мыңнан асып жығылды. Қазылар алқасы мүшелеріне барлық жарияланымдармен танысып шығумен қатар, үздіктерді таңдап, оларды әділ бағалау оңайға түскен жоқ.
Конкурстық комиссия мүшелері байқауға қатысушылардың тілі, стилі, шеберлігі, олардың жанрлық ерекшеліктерін ескерді. Тағы бір айта кетерлік жайт, өзекті әлеуметтік-экономикалық және басқа да өзекті тақырыптарға хабарлар немесе мақалалар топтамасын жіберген жас журналистер басымдыққа ие болды. Биылғы байқаудан бір байқағанымыз, болашақта жас тілшілер мен журналистика ардагерлері өз оқырмандары мен көрермендерін жаңа қызықты жұмыстарымен қуантады деп үміттенуге мықты алғышарт бар екенін түсіндік. Өйткені, байқауда жеңіс тұғырына көтіріле алмай қалған көптеген журналистердің жұмыстары да жоғары бағаға әбден лайық. Алайда, сыйлық саны шектеулі екенін сіздер өте жақсы білетіндіктен мұның бәрін түсіндіріп жату – басы ашық шаруа. Дегенмен, сыйлыққа ілінбесе де бізді шеберлігімен қуантқан журналистер аз болған жоқ. Олардың қатарында Өміртай Аяны, Мұхтарқұлова Гүлбануды, Жұмаділова Дарьяны, Ақсақалов Жолдасбекті, Зарыққанқызы Қарлығашты, Көбеева Гүлбағда Қайратқызын, Қаражанова Ләззатті, Нұрышева Жанарды, Қожабек Ришатты, Әлішева Нұржамалды, Алтынбек Мирланды, Есенгелді Нұргүлді, Хумарзах Алтынбекті және басқаларын атап өтуге болады. Бұл әріптестерімізге де келесі жылы сәттілік тілейміз!
Құрметпен, Сейітқазы МАТАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағы
Басқармасының төрағасы