ҚазТАГ ХАА (МИА) Бас директоры Әсет Матаевты өзі тұратын жерде орналасқан қауіпсіздігі ең төмен мекемеге ауыстыратын болды, деп хабарлайды ҚазТАГ.
24 сәуірде Алматы облыстық соты Ә. Матаевты өзі тұратын жерде орналасқан қауіпсіздігі ең төмен мекемеге ауыстыру туралы шешім қабылдады. Осы Қаулыға сай, бұған дейін Ә. Матаевтың жазасын жеңілдетуден бас тартқан Қапшағай қалалық сотының шешімі күшін жойды.
Облыстық сот Матаевтың түрмеде тәртіп бұзбағанын, сөгіс алмағанын ескерді, сондай-ақ, оның түзету мекемесі қызметкерлері тарапынан тұрақты бақылауды қажет етпейтіні де ескерілді. Әсеттің тәртібі екінші жағымды деңгейге жатады, бұдан тыс, ол бірнеше мадақтаулар мен алғыстар алған. Сонымен бірге ол зиянның орнын толтыру шараларын қабылдап жүр және өзінің отбасымен, үш кішкентай балаларымен байланысын үзген жоқ.
Қорғаушы жақ, сондай-ақ, бірқатар БАҚ Әсетті жұмысқа алуға дайын екенін дәлелдейтін кепілхаттарды көрсетті.
Еске сала кетейік, ҚазТАГ ХАА басшысы, журналист Ә. Матаев 2016 жылы 3 қазанда алаяқтық жасады деген айыппен 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталған болатын. Бірақ ол өзіне тағылған айыптардың барлық пунктерінен бас тартып, кінәні толық көлемде мойындаған жоқ. Бірқатар халықаралық журналистік және құқық қорғау ұйымдары жемқорлыққа қарсы күрес қызметі ұйымдастырған бұл қылмыстық қудалауды және сот үкімін тапсырыспен істелген және саяси астары бар іс деп санады.