Қазақстан Журналистер Одағы, Оңтүстік өңірінің журналистика саласы орны толмас қайғыны бастан кешірді.
Қалам ұстаған қауымның алдыңғы сапында жүрген сөзі өткір, қаламы ұшқыр журналист Кеңесбай Исмаилов ойда-жоқта арамыздан алыстап, бақиға бет бұрды.
Оны осы салада қызмет еткен жылдардан жақсы білетінмін. Қызмет бабында жиі араласып, кәсіби жұмысымызға байланысты түрлі семинар, кеңестерде, жиындарда кездесіп қалғанда Кеңес аңқылдаған ақкөңіл мінезімен өңірдің бар жаңалығын жайып салып, өзінің де шығармашылық жұмыстарынан хабардар ететін. Ол журналистік қызметін облыстық телевидениеде бастап одан соң Шымкент қаласы әкімінің, Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінде қатарынан төрт әкімнің баспасөз қазметіне басшылық жасады. Өмірінің соңғы жылынадейін облыстық «Южный Казахстан» газетінде редактордың орынбасары болып абыройлы қызмет атқарды.
Кеңес Исмаилов мықты журналист қана емес, белгілі қоғам қайраткері, туған өңірінің табиғатын зерттеуге белсене атсалысып, оны аялауға қызмет еткен патриот та еді. Оның бастамасымен жүзеге асқан «Сейль Қошқарата» фестивалі, Арыс өзенінде катамаранмен ағыспен жарысып жүзетін жобасы, тауларға саяхатқа бастаған игі қадамдары...бәрі-бәрі оны туған жердің табиғатымен тұтас тұлғаға айналдырып жіберген еді.Қоғамдық өмірдегі осындай белсенділігін ол спорттық-экологиялық туризмді дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестік төрағасы ретінде де әркез танытып жүретін. Ол Қазақстан Республикасы туризм саласының құрметті қызметкері еді.
Кеңес Исмаиловты қатар жүрген әріптестері, достары әнқұмар өнерпаз ретінде де жақсы білетін. Ол бард әндерін гитарамен өте жақсы орындайтын, бард әндерінің фестивалін ұйымдастырып жүретінін де білетінмін.
Кеңесті сегіз қырлы, бір сырлы жігіт деуге әбден болатын. Ол жазушылық қырымен де танылып үлгерді. Оңтүстік өлкесінің тарихын тамылжытып жазған «Большая экскурсия по Шымкенту», тарихи деректерге бай «Дерн», «Тосқауыл» атты кітаптары оның есімін әркез есімізде жаңғыртып тұратын болады.
Біз адал дос, білікті журналист, аяулы азаматты өзі сүйген, өзі аялаған туған жерінің қойнына тапсырдық. Өкінішті әрине...
Бақұл бол, бауырым!
ҚР Журналистер Одағы басқармасының төрағасы
Сеитқазы Матаев