Мэлс Жайжігітұлы Елеусин 1940 жылы Өзбек КСР-інің Нүкіс қаласында туды, Нүкіс Мемлекеттік университетін және Мәскеу қаласының Фотоөнер академиясының фоторепортаж және журна¬листика бөлімін бітірді.
ТАСС-тың, «Правда» және «Известия» газеттерінің зертханаларында тәжірибеден өтті. Оқуды бітірген соң, ӨзбекТАГ-ТАСС-та фототілші болып жұмыс істеді. Оның Түркменстанның малшылары, Тәжікстанның мақташылары, Аралдың балықшылары, Орта Азия мен Қазақстан теміржолшылары туралы фотоматериалдары, сондай-ақ Бұхара – Орал және Бұхара – Орталық газ құбырының құрылысы туралы фотосуреттері КСРО-ның және шетелдік баспа басылымдарында үздіксіз жарияланып тұрды.
Мэлс Жайжігітұлы Ресей мен Еуропада ұйымдастырылған көптеген фотокөрмеге қатысты. Оның ең жақсы фотосуреттері «Огонек», «Советское фото», «Чешское ревю» журанлдарында және басқа да басылымдарда жарияланды.
2000 жылы оның «Арал тағдыры – адамзат тағдыры» атты фотосуреті ең үздіктердің бірі ретінде танылып, Италияда шыққан «Ғасыр кітабында» жарияланды. Сол жылы ол Халықаралық «FIAR» фотоөнер федерациясына және Еуропалық «ISF» фото қоғамға қабылданды. Сондай-ақ Мэлс Елеусин Алматы қалалық фотосуретшілер қоғамының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
(«Транс экспресс» журналының материалдары бойынша)