50 жылдық тәжірибесі бар журналист
Бұрынғы журналистер болмайды. Нұрхайыр Телеуов журналистика саласында 1950-ші жылдардан бері жұмыс істеп келеді. Мектептегі қабырға газетінің редакторынан, облыстық ірі БАҚ-тың бас редакторы болды және газетті рекордтық 27 жыл бойы басқарды. Қазір ол 89 жасқа толып отырса да, әлі күнге дейін областық газеттерге мақалалар жазып тұрады. Ол кезінде КСРО Журналист одағының, «Правда» газетінің, «Журналист» журналының, «Комсомольская правда» газетінің алғыс хаттарымен марапатталған.
Нұрхайыр Телеуовтің шығармашылық жолының негізгі белестері:
Ол 1929 жылы 20 ақпанда Батыс Қазақстан облысы Фурманов ауданы Балықты ауылсоветінде (Әлімбек ауылы) дүниеге келді.
1947 жылы Алматыдағы С. М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түсті. Университетте партияға қабылданып, партия тобының хатшысы болды.
1952 жылы оқуын бітірген соң, Батыс Қазақстан облыстық гезетіне тілші ретінде жұмысқа тұрды, содан кейін хат және көпшілікпен жұмыс бөлімінің меңгерушісі болды. Облыстық партия комитетінің шақыруымен дәрісшілер тобының жетекшісі қызметін атқарды. Обкомның «Үгітші блокноты» басылымы екі тілде шығатын болғандықтан, оны осы басылымның редакторы етіп бекітті.
1958 жылы КОКП Орталық комитетінің шешімімен Мәскеудегі Жоғары партия мектебінің тыңдаушысы ретінде қабылдады.
1960 жылы Мәскеудегі оқуынан оралған соң, Орал қаласында облыстық гезетте идеология бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді.
1962 жылы Батыс Қазақстан өлкесі құрылуына орай, өлкелік партия комитеті аппаратына идеология бөліміне жұмысқа шақырылды.
1964 жылы өлкелік радиотелевидение комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқарды.
1965 жылы қаңтар айында Ақтөбе облыстық партия комитеті оны пленум мүшесі етіп сайлайды, ал 2 ақпанда бюро оны облыстық газеттің редакторы етіп бекітеді. Ол облыстық газетті 27 жыл бойы басқарады, бұл – редакторлық өтілдің рекорды. 1974 жылы ол басқарған «Коммунизм Жолы» газеті «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.
Нұрхайыр Телеуов Еңбек Қызыл Ту орденімен екі рет, «Құрмет белгісі» орденімен екі рет марапатталды, сондай-ақ ол Республиканың Еңбек сіңірген мәдени қызметкері, алтын және күміс медальдардың иегері. Солардың ішінде Телеуов ақсақал үшін ең құндысы – 15 жасында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Қаулысымен берілген «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысы кезіндегі қажырлы еңбегі үшін» медалі. Ол, сондай-ақ, «Тың және тыңайған жерлерді игеру» медалінің иегері, көптеген грамоталар, дипломдар мен алғыс хаттар алды.
Газетте ширек ғасырдан астам уақыт жұмыс істеген кезінде облыстық партия комитетінің мүшесі, облыстық кеңес депутаты, КСРО Журналистер одағының және Қазақстан Журналистер одағы президиумының мүшесі болды. Сонымен бірге ол КСРО мен Қазақстан Журналистер одағының барлық съездеріне қатысты. Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.
Ақтөбе облысы бойынша кіші Қазақстан халқы Ассамблеясының ақсақалдар кеңесінің төрағасы.
2017 жылы облыстық журналистік ұйым Ақтөбе облысы газеттері қызметкерлеріне жыл сайын беріліп тұратын Нұрхайыр Телеуов атындағы сыйлық тағайындады.
Енді Нұрхайыр Телеуовтің журналистика және өзі туралы айтқан әңгімесін тыңдайық.
Нұрхайыр Телеуов: Жаңа БАҚ-тар үйреншікті газеттерді ығыстырып шығара алмайды
Алматы. 18 маусым. ҚазТАГ – Мадина Алимханова. Жаңа БАҚ-тар қанша дамыса да, газеттер жоғалып кетпейді, қайта керісінше, бұрынғы беделін қайтарады, - деп санайды 50 жылдық журналистік тәжірибесі бар Нұрхайыр Телеуов.
– Сіз 89-ға келдіңіз, бірақ Сіздің күш-қуатыңыз бен оптимизміңіз жас журналистердің көбісінде жоқ. Мұның құпиясы неде?
– Мен өмір бойы дене шынықтырумен айналыстым, аяқ-жортақпен жүгірем, қыста коньки тебем, таза ауада көп серуендеймін.
– Сіз әлі де журналистикамен айналасатыныңызды білеміз. Ал бұл кәсіпті 1947 жылы бастапсыз...
– 1947 жылы мен Алматы қаласындағы С. М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түстім. Ол кезде журналистика факультетіне үлкен конкурс болған – бір орынға 4 адам таластық. Ал мен мектепте оқып жүргенде-ақ қабырға газетінің редакторы болдым, жазу маған ұнайтын. Мен ауыл мектебінде мұғалім болып та жұмыс істедім. Маған бар-жоғы 15 жас болғанда үкіметтік награда алдым, атап айтқанда, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Қаулысымен: «1941–1945 жж. Ұлы Отан соғысы кезіндегі қажырлы еңбегі үшін» медалімен марапатталдым. Содан кейін басқа наградаларға ие болдым: Совет Одағының төрт орденін алдым. Осы жерде аздап мақтанып қояйын: Кеңес Одағы мен Қазақстанда – КСРО-ның төрт орденімен марапатталған бірде бір журналист жоқ. Және бір газетте 27 жыл редактор болған адам да жоқ.
Мен журналистік қызметтің барлық сатыларынан өттім: тілші болып бастап, бөлім меңгерушісі, партия комитетінде баспасөз жөнінде нұсқаушы болым, телевидениеде жұмыс істедім. Ақтөбеде біз облыстық телерадиокомитет құрып, мен бір жарым жыл бойы облтелерадиокомитет төрағасының телевидение бойынша орынбасары болдым. Содан кейін обком мені облыстық газеттің редакторы болуды ұсынды, мен сол жерде 27 жыл жұмыс істедім.
Мен журналист болып жұмысқа кіріскенде, журналистік ұйымдар жоқ болатын. Ал біз көп күш салып, сондай ұйым құрдық. Мен КСРО мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесімін, олар құрылған бірінші күннен бастап, КСРО мен Қазақстан Журналистер одағының барлық съездеріне қатыстым, КСРО Журналистер одағы мен Қазақстан Журналистер одағының басқарма мүшесі болдым. Мен Қазақ КСР-і Еңбек сіңірген мәдени қызметкерім.
Зейнетке ширек ғасыр бұрын шықтым, бірақ облыстық журналистік ұйымның жұмысынан қол үзген жоқпын – мені құрметті төраға етіп сайлады. Мен әлі Қазақстан Журналистер одағының мүшесімін, ҚЖО сыйлығының лауреатым. Қазір Қазақстанның құрметті журналисімін.
– Біздің журналистика Сіздің көз алдыңызда қалыптасты. Ол осыдан 50-70 жыл бұрын қандай болды?
– Ол кезде газеттер өткір болатын. Біз әрқашан сыни мақалалар жазып тұратынбыз, ал оған міндетті түрде жауап беретін. Әрине, кейде формальді жауаптар келіп жататын, бірақ, бәрібір, сынға жауап беретін, оның үстіне әрбір сыни мақала партияның бақылауында болатын. Партия дегеніміз, қазіргі әкемдіктер сияқты орган. Біздің газет шалғайдағы мал шаруашылығымен айналысатын қойшыларға жағдай жасау керектігі туралы мақала жазғаннан кейін, облыстық партия комитетінің бюросында бұл мәселе екі рет қаралды.
Біздің заманда газеттер тәрбие мәселесіне де көп көңіл бөлетін, сондай-ақ маңызды проблемаларды көтеруді әрқашан ұмытпайтын. Газатімізде еңбекшілердің хаттарына арналған арнайы айдар болды. Сонымен бірге біз штаттан тыс тілшілерді ұстайтынбыз, әрбір екі ауданда бір жұмысшы-шаруа
тілшіміз болды. Айына бір рет тұтас бір жолақты белгілі бір ауданның проблемаларына арнайтынбыз.
- Қазаргі газеттердің сапасы сол кездегі газеттерден төмен бе?
- Біздің мемлекетіміз әлі жас – 30 жыл болған жоқ, соған сәйкес газеттеріміз де жас. Өткір, білікті жазатын, талдау жасайтын журналистер де аз және ондайларды ұнатпайды да. Қалғандары өткір мәселелерді көтермейді. Мүмкін редакторлар сондай талап қоятын шығар, мүмкін «артық бірдеңе айтып қоям ба?» деген журналистің ішкі цензоры бар шығар...
– Бұрынғы журналистердің жақсы болу себебі, мүмкін, оларды басқаша оқытқан шығар?
– Мен студен болған шағымда бір оқытушы бізге шетелдік – американдық, ағылшындық, француздық газет-журналдарды көрсететін. Солардың мысалында бізді оқытты. Сол басылымдардың деңгейі менің жадымда әлі күнге дейін сақталып қалды. Мен университетті қызыл дипломға бітірген соң, 1958 жылы КОКП ОК секретариатының шешімімен Мәскеудегі Жоғары партия мектебіне тыңдаушы болып қабылдандым. Өндірістік тәжірибемді «Труд» газеттінде өткіздім.
Ал облыстық журналистік ұйымды басқарған кезімде, облыстық газет, радио және телевидение редакторларын өзім екі рет Мәскеу мен Ленинградқа апарып келдім. Сол жерде біз «Правда», «Известия», «Советская Россия» газеттерінің бас редакторларымен, ұжымдарымен кездесіп, сөйлестік.
Шыңғыс Айтматов 1960-шы жылдары «Правда» газетінің Қырғызстандағы тілшісі болып жұмыс істеп жүргенде, біз онымен де кездескенбіз. Маған сол жолы Мәскеуден телефон соғып, бір топ журналистерді Фрунзеге (қазір Бішкек) Айтматовпен кездесуге жіберетінін хабарлады. Айтматов бізге тақырыпты қалай таңдап, мақаланы қалай жазу керектігін айтты, әсіресе ол сыни мақалаларға көп көңіл бөлді.
Қазір бізде әрбір институт пен университетте журналистерді дайындайды. Бірақ олар қандай журналистер шығарып жатыр? Міне, сол кадрлар журналистердің қатарын толтырып отыр.
– Журналист болу қызық па, әлде редактор болу ма?
– Шығармашылық мағынада журналист, газет қызметкері болған жақсы, өйткені мүмкіндіктер көп. Ал редакторлық лауазым өте ауыр да жауапты жұмыс, себебі сен, ең алдымен, тәрбиешісің, әрбір адамды өте жақсы біліп, әрқайсысымен тіл табысуың керек.
Мен редактор болып жүргенімде, менің біраз қызметкерлерім ақын, жазушы, ғалым болып кетті. Мысалы, Есенбай Дүйсенбаев біздің газетте бөлім меңгерушісі болып қызмет етті. Ал Мұхмабетқали Қажғали Срым Датовтың қызметі туралы жазған романы үшін Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Редактордың орынбасары болыған Серікқали Байменшин қазір Мәскеуде халықаралық деңгейде қызмет етіп жүр.
Біздің газет КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне (ХШЖК–ВДНХ) екі рет қатысты, бірінші және екінші дәрежелі дипломдармен марапатталды. Мен өзім КСРО ХШЖК-нің алтын және күміс медальдарын алдым.
– Қазар адамдар аз оқитын болды, оны интернеттің дамуынан көріп отыр және жуық арада газеттер мүлдем болмайды деген де болжам айтылып жүр. Солай болуы мүмкін бе?
– Коммуникацияның қандай құралдарын ойлап тапса да, газеттер қала береді. Байланыс құралдары өте көп болып кетті және болашақта қазіргіден де көбейе түседі. Бірақ, бар бәле мынада – халық газетті аз оқымайды, газеттер ел оқитындай қызық жазбайтын болды. Соңғы кезде газеттер мен журналдар көбейіп кетті, бірақ олардың таралымы аз, газет жанрларының көбісі жоғалып барады, фельетондар жоқ, талдау материалдары аз, танымдық қызық дүниелерді кездестірмейтін болдық. БАҚ көп, бірақ оқитын, оқылатын газеттер аз.
– Бұл – уақытша құбылыс па, әлде әлемдік үрдіс пе?
– Мен тек мынаны айта алам: коммуникация құралдары көбейгенмен, БАҚ-тың дамуы кері кетіп барады. Қазір түрлі гаджеттері бар адамдар Алматы мен Ақтөбеге қарағанда, Америка мен Англияда не болып жатқанын ертрек және көбірек біледі, себебі шетелдік материалдар тез жасалып, қысқа да нұсқа беріледі. Ал біздікілер әдеби өңдеуге көп көңіл бөледі, сөз де, пәлсапа да көп.
– Сіз қалай ойлайсыз, қазіргі журналистика кейін Совет одағы кезіндегідей ықпалды бола ала ма?
– Менің ойымша болуы керек... Мен оптимиспін, сондықтан болашақта маңызды тақырыптарды қорықпай өткір жазатын БАҚ-тар көбейеді деп ойлаймын. Ол уақыт міндетті түрде келеді.
– Сұхбат бергеніңізге рахмет!