Ratel.kz желілік басылымы мен Forbes.kz журналын бұғаттау және олардың журналистерін қылмыстық қудалау – бұл тек сол БАҚ-тар мен олардың қызметкерлерінің ғана емес, бұл – біздің де проблемамыз.
Біздердің бәрімізге, еш кінәміз болмаса да, кедергісіз ақпаратты алу мен оны тарату сияқты конституциялық құқымызды шектеп, сондай-ақ, осы ақпарат көздерінен жаңа фактілер мен идеяларды білу, оларды қолдау, сынау, бағалау, таң қалу немесе қабыл алмау құқығымыздан айырып отыр.
Біз өз құқықтарымызды барлық заңды жолдармен қорғауымыз керек. Егер сіздер осымен келіссеңіздер, онда мына сілтемеге кіріп, https://ru.surveymonkey.com/r/FX8JRVH, Үндеудің астына қолыңызды қойыңыз. Және оны өз оқырмандарыңыздың, достарыңыздың және таныстарыңыздың арасында таратыңыз.
Қазақстан Республикасы Бас прокуроры Қ.П. Қожамжаровқа
Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы Ж.Қ. Асановқа
ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Н.З. Нығматулинге
ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Д.Е. Абаевқа.
ҮНДЕУ
Сіздерден өздеріңіздің өкілеттіктеріңзді қолданып, Медеу ауданының прокуроры Жарқын Құсайыновтың өтініші бойынша Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы Гүлмира Бейсенованың азаматтардың ақпаратты еркін алып, еркін тарататын конституциялық құқығын өрескел түрде бұзған шешімін қайта қарап, бәріміздің конституциялық құқымызды қалпына келтірулеріңізді сұраймыз.
31 наурызда судья Г. Бейсенова прокурор Ж. Құсайыновтың Ratel.kz желілік басылымының шығуына және оның бас редакторы Марат Әсіповтің осы атпен кез келген жарияланым жасауға тыйым салуды сұраған талап-арызын қанағаттандырды. Алайда не БАҚ жетекшілігіне, не көпшілік қауымға мұндай талап-арыз беруге не себеп болғаны белгісіз, бірақ, соған қарамастан, ratel.kz, balborsyk.kz және wildratel.com домендік аттар сол мезетте бұғатталды. Бизнесмен З. Кәкімжанов пен «Ratel.kz» және «Forbes.kz» редакцияларының кейбір журналистерінің арасындағы жеке дау шеңберінде бірқатар іс жүргізу нормалары бұзылды, құжаттар мен компьютерлер тәркіленді, журналистерді ықтиярсыз жауап алуға жеткізді, олардан жарияламау туралы қолхат алынды. Осылайша, кейбір тұлғалардың мүдделерін қорғау мақсатымен осы желілік басылымдардың ондаған мың оқырмандарының ақпаратты кедергісіз алу сияқты конституциялық құқын шектеу әрекеттері жүзеге асырылды.
Прокуратура мен сот жүйесі қызметкерлерінің іс-әрекеттерінің сәйкессіздігі және журналистерге тағылған кінә – еліміздің негізгі заңын, сонымен бірге, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакті бойынша Қазақстан өзіне алған міндеттемелерін өрескел түрде бұзуға әкеп соқты, сондай-ақ, бұл, өз кезегінде, қоғамда көптеген сұрақтар мен күдіктер тудырып отыр. З. Кәкімжановтың «Ratel.kz» және «Forbes.kz» журналистерінің үстінен берген азаматтық арызы бойынша ұлттық сот органдары негізсіз және үлкен шығынға батыратын шешім шығаруына орай «Ratel.kz» қазіргі уақытта БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетке арыз дайындап қойғанын да қоса кету керек.
Кәкімжанов қазір «Ratel.kz» және «Forbes.kz» журналистеріне тағып отырған ҚР Қылмыстық кодекстің «Көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату» деп аталатын 274-бабын көптеген ұлттық және халықаралық сарапшылар сынаған болатын. БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті ҚР заңнамалары мен оларды қолдану практикасына алаңдаушылық білдіріп, «олар сөз бостандығы мен оны жүзеге асыру құқығын бұзып отыр, соның ішінде: (а) сөз бостандығы құқығын жүзеге асырып жүрген адамдарға қылмыстық заңнаманы кең мағынада қолданылып жүр, соның ішінде ...«көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату» бабы да бар» деп көрсеткен болатын.Еске сала кетейік, 2015 жылы ҚР ҚК-ге кіргізілген бұл бап бір адамныңөліміне алып келді: 2016 жылы 5 шілдеде Қазкоммерцбанкке қатысты «көпе-көрінеу жалған ақпарат таратты» деген айыппен 4,5 жылға сотталған алматылық кәсіпкер Таир Қалдыбаев түрмеде дарға асылған күйінде табылды.
Мүмкін, құқық қорғау және сот жүйелерінің төменгі сатыларында жұмыс істейтін қызметкерлер кейде өз іс-әрекеттерін Конституциямен сәйкестендірмей және мемлекеттік позиция тұрғысынан дұрыс бағалай алмай жүрген шығар. Сондықтан сіздерден «Ratel.kz», «Forbes.kz» басылымдарына күштік және сот құрылымдары қолданған іс-әрекеттерге құқықтық баға берулеріңізді және журналистерді негізсіз айыптаулардан қорғап, қоғамның осы БАҚ-тардан ақпарат алатын заңды құқығын қалпына келтірулеріңізді сұраймыз.
Үндеуге мына жерде қол қоюға болады: https://ru.surveymonkey.com/r/FX8JRVH