Қымбатты қазақстандық  журналистер!

Сіздерді 28 маусым – кәсіби төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!

Бүгінгі күні еліміздің  бұқаралық ақпарат құралдары  азаматтық қоғамның құрамдас бөлшегі ретінде билік пен бұқараның арасындағы дәнекер ғана емес, еліміздің толағай табыстары мен зор жетістіктерінің жаршысы болып келеді. Техниканың озық үлгілерінің дамыған заманында интернет байланысы, баспасөз басылымдары халықты қажетті ақпаратпен толық қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі қоғамда бұқаралық ақпарат құралдары ықпал етудің мықты тетігі болып табылатынын сіздер жақсы білесіздер. Еліміздің татулығы мен тұрақтылығының өрістеп-өрлеуінің қарқынын паш ететін журналистер қашанда құрметке лайық. Нақты адами ұстаным мен болып жатқан  жайтқа бейжайлық танытпай, мақсатқа жетуге ұмтылу – біздің мамандығымыздың ерекше қыры.

«Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты». Алаш қайраткері Міржақып Дулатовың осынау ойлы сөзі журналист еңбегінің қаншалықты жауапты, қаншалықты қастерлі екенін айқындап тұр. Қалам ұстаған қауымның жыл он екі ай тынымсыз еңбегі қашанда лайықты бағасын алуы тиіс. Сіздер күн демей, түн демей елімізде болып жатқан оқиғалар мен құбылыстар туралы шындық ақпаратты халыққа жедел жеткізу үшін аянбай қызмет жасап келесіздер. 

Бүгінгі таңда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі тұрақты түрде өсіп келеді. Тіпті әлеуметтік желілер пайда болса да, дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы орны бәсеңдемейді.

Біздің елдегі журналистика ауқымды реформалардың ұдайы алдыңғы сапында келе жатыр. Баспа және электрондық басылымдар миллиондаған адамдардың көңіл түкпірінен берік орын алды. Отандық бұқаралық ақпарат құралдары кәсіби түрде шебер, шынайы және жедел ақпарат таратудан бір жалыққан емес.

Қазақстан журналистері елдің халықаралық қоғамдастықтағы ұлттық мүдделерін қорғау ісінде тиісті ұстанымдары арқылы табандылықпен жұмыс істеп келеді.

Ақпарат майданында иықтаса, қатар жүрген жауынгер әріптестерімізді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Қаламымыздан қасиет кетпесін! Шабытымыздың шыңына ұшқан құс жетпесін, қадірлі қаламдастар! Тәуелсіздікті ту етіп, табысқа бірге жетейік!

 

Ізгі ниетпен,                                                               Сейтқазы МАТАЕВ,

Қазақстан Журналистер одағы

Басқармасының төрағасы