Құрметті әріптестер!
Сіздерді Тәуелсіздік күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Тас бұғаудан босанған Тәуелсіздік ұлтымыздың тынысын ашты. Бүгінде Асан қайғы баба іздеген жерұйықтың қайнар бұлағынан сусындаған ұлт болдық. Шаңырағымызға азаттықтың ақ құсы қонған байтақ елге айналдық. Ұлт тарихының жылнамасы жаңа дәуірде жаңаша жазыла бастады. Даму мен жаңарудың қиындығы мен қуанышы, жетістіктері мен жеңісті сәттері қазақ халқын жаңа биіктерге жігерлендіріп келеді. Адамдардың ертеңгі күнге деген сенімі арта түсуде.
Журналистер қауымы да еліміздің саяси, экономикалық және әлеуметтік өмірін бұқаралық ақпараттық құралдарда терең көрсетіп келеді. Осы арқылы сіздердің қоғамдағы беделдеріңіз артып отырғанын жоққа шығару қиын.
Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, еліміздің ертеңі жолындағы қажырлы еңбектеріңізге табыс тілеймін. Қазақстан журналистикасын жаңа биіктерге көтеру жолындағы тың бастамаларыңыз табысты болсын!
Сейтқазы МАТАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының Басқарма төрағасы