Бүгін Шымкент қалалық Полиция департаментінің алдында "КТК", "Астана" және "31 телеарнаның" тілшілері бейбіт акциясын өткізді.
"Полиция бассыздығын тоқтатыңыздар!", "Журналистерді ұрып-соғуды доғарыңдар!" деген жазуы бар плакат ұстаған БАҚ өкілдеріне қолдау көрсетуге бірқатар әріптестері де жиналды.
Бұлайша наразылық білдіруге полицейлер тарапынан бассыздықтың жиілей түскені себеп болған. Осыдан бір ай бұрын қаладағы «Тұлпар» базарындағы өртті түсіру үшін барған «Астана» телеарнасының меншікті тілшісі Бахрам Талибжанов пен «31 арна» телеарнасының тілшісі Бахрам Абдуллаевқа тәртіп сақшыларының күш қолданғаны, ол бойынша тергеу амалдарының басталғаны белгілі. Жуырда осындай келеңсіздік тағы да қайталанды. Қос журналистің және «полицейлердің ертең өзін өлтіріп кететінін күтіп отыра бермей» қарсылығын білдіріп, департаменттің алдына плакат көтеріп келген «КТК» телеарнасының тілшісі Бек Әбиевтің айтуынша, олар сенбі күні Алтынтөбе елді мекеніне тұрғындардың наразылығын түсіру үшін барған. Полицейлер олардан оқиғаны түсірмеуді талап еткен. Тәртіп сақшыларының бірі Бахрам Абдуллаевқа тап беріп, жаңбырдан қорғау үшін камераның үстіне ұстап тұрған қолшатырын сындырып, қолына жеңіл жарақат салады.
Полицейлердің сол жерде жүрген «Азаттықтың» тілшісі Диляра Исаны жұлқылап, ұялы телефонын тартып алмақ болғаны, ал Бахрам Абдуллаевқа бір тәртіп сақшысының жақын келіп, «өлтіріп жіберемін» деп қорқытқаны жайлы да айтылды. Тәртіп сақшылары осы оқиға кезінде «Отырар» телеарнасының операторын да ұрғаны анықталды.
Наразылығын білдіруге келген журналистерді ішке кіргізіп, олардың шағымын тыңдаған қалалық полиция департаментінің бастығы Ерғали Жармұхамбетов "барлық оқиға тексеріледі, қызметтік тексеріс басталды, қысым жасағандар жауапқа тартылады" дей келе, БАҚ өкілдерінен кешірім сұрады.
Қазақстан Журналистер одағы әрдайым журналистердің құқығын қорғап келеді. Бұл жолғы жағдай да журналистік қауымдастықтың жіті қадағалауында болады. Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай да әріптестерге қолдау білдіріп, оқиға жайлы бей-жай қалмастан пікірін білдірді:
«Журналист төтенше жағдай болған жерді былай қойғанда от пен оқтың ортасында, соғыс жағдайында жүріп те хабар таратып, ақпарат жинайды. Себебі ол оның кәсіби міндеті.
Журналистердің жұмысына кедергі келтіруі дұрыс емес. Ал соққыға жығуы тым шектен шыққандық. Журналисті кім көрінген ұрып-соғып кете беретін болса, бұл кәсіпте қандай бедел, қандай қадір-қасиет қалады? Билік журналистің беделі, құқығы елдегі демократияның, сөз бостандығының беделі екендігін ұмытпауы тиіс. «Бұқаралық ақпарат құралдары» туралы заңда жазылған журналистің құқығын былай қойғанда Қылмыстық кодексте «журналистiң заңды кәсіби қызметiне кедергi жасау» деп аталатын (158-бап) бап бар. Бұл бап бойынша журналистің заңды кәсіптік қызметін орындауына кедергі жасаған адам айыппұл салудан 45 тәулікке дейін қамаққа алуға дейін жазаланады. Ал егер бұл әрекет қызмет бабын пайдалана отырып жасалса, 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сондықтан өздерінің құзыреттерін пайдалана отырып журналисті соққыға жыққан, оның заңды кәсібіне кедергі келтірген полицейлердің заң алдында әділ жазалануын талап етеміз.
Мен өз басым, департаменттің алдына жиналған журналистердің арасына барып, оларды ішке кіргізіп, емін-еркін сөйлескен Шымкент қаласының бас полицейі, генерал Ералы Жұмаханбетовтың қарапайымдылығын жоғары бағалаймын. Алайда осы келеңсіздіктің бір ұшы да басшылыққа барып тірелетін сияқты. Осы кездесуде генералдың талап етуімен өзіндік қауіпсіздік басқармасының тергеушісі 2 наурызда Талибжанов пен Абдуллаевтың арызы бойынша қозғалған қылмыстық іспен таныстырды. Тергеуші «тергеу амалдары жүргізіліп жатыр» дегеннен басқа ештеңе айтқан жоқ. Тіпті бұл іс бойынша күдіктінің бар-жоғын айтудан бас тартты. Шамасы, бір ай бойы бұл бағытта ешқандай да жұмыс жүргізілмеген сияқты. Бұл сонда «қарға қарғаның көзін шұқымайды» дегенді білдіре ме?
Жәбірленген журналист генералға «өлтіріп жіберемін» деген полицейдің суретін де көрсетті. Сол жерде оның кім екендігі, қазіргі уақытта денсаулығына байланысты демалысқа шығып кеткені белгілі болды. Кейінгі істің де алдыңғысы сияқты бір орыннан жылжымай, ақыр аяғында жылы жабылып қала ма деген күдік басымдау.
Ералы Жұмаханбетовтің сол жерде соққыға жығылған журналистерден қызметкерлері үшін кешірім сұрап, «осыменен болды ма?» дегенін түсіне алмадым. Сонда журналисті соққыға жығудың жазасы бір кешірім болғаны ма? Мәселе кешірім сұрауда емес, мәселе заңдылықтардың сақталуында ғой. Осындай жағдайдың ертең тағы да қайталанбайтындығына кім кепілдік бере алады? Сондықтан барлық ақпарат құралдарының өкілдерін әріптестерімізді қолдауға шақырамын» деп мәлімдеді Ғ.Елшібай.