Танымал қазақстандық журналист, Қазақстан Журналистер одағының басқарма төрағасы Сейітқазы Матаев Алматыдағы нүктелі құрылысқа қарсы.
"Мен нүктелі құрылыс нысандарына әрдайым қарсы болдым. Жақын аудандарда тұратын тұрғындардың пікірін міндетті түрде ескеру қажет, өйткені ол әркез сәулет жобасына сәйкес келе бермейді. Адамдар серуендейтін, балалар ойнайтын саябақтардың жанында, ал кейде саябақтар, скверлер мен жасыл аулалардың өзінде құрылыс жүргізгісі келетін кездер болады. Олар жергілікті тұрғындар қамқорлықпен өсірген ағаштарды шауып тастап жатады, салдарынан ауа қозғалысы өзгереді, күн сәулесі жетіспейді, инфрақұрылымға артылған жүк ауырлай түседі. Бұдан бөлек, жер сілкінісі болған жағдайда адамдар үйлер арасындағы қауіпсіз кеңістігінен айырылып қалады. Тұрғындар неліктен нүктелі құрылысқа қарсы екенін осыдан-ақ түсінуге болады. Мұндай құрылысқа рұқсат бермей тұрып барлық құжатты тексеру қажет, бастамашыл топ құру керек", - дейді Сейітқазы Матаев.
Оның сөзінше, нүктелі құрылысқа қарсы бейбіт митингілер өткізу — дұрыс шара, өйткені адамдар өз көзқарастарын білдіруі керек.
"Нүктелі құрылыс кейде бүкіл аудандарды алып жатады. Олар бір үй салады. Оның жанында балалар саябағы немесе мектеп тұруы қажет, бірақ олардың орнына екінші үй салады. Құрылыс компаниялары кейде мұның бәріне мән бермейді, өздерінің пайдасын ойлайды. Шағын учаскеде тұрғындардың пайдасына жарамай, керісінше кесірін тигізетін көп пәтерлі үйлер салады. Сондықтан Алматыда нүктелі құрылыс болмауы керек. Осы орайда мен алматылықтарды қолдаймын", - деп атап өтті Матаев.
Журналист мысал ретінде тұрғындар жеңіл көліктерімен кіре алмайтын, тіпті жедел жәрдем көлігі де кіре алмайтын аулаларды ескерді. Бұл да нүктелі құрылыстың теріс салдары екенін сөз етті.