«Журналистика – батыл әрекет» атты сыйлықтың қазылар алқасы Сейітқазы Матаевты Сахаровтың «Ерлігі үшін» орденімен марапаттады.
«Журналистика – батыл әрекет» байқауының қазылар алқасы өзінің азаматтық позициясын білдіргені үшін билік тарапынан қуғынға ұшыраған Ресейдің, Украинаның, Белоруссияның, Қазақстанның, Өзбекстанның және Әзірбайжанның 22 журналисін, публицисін, блогерін А.Д. Сахаров атындағы «Ерлігі үшін» орденімен марапаттады», - деп хабарлады ресейлік Kasparov.ru. интернет-газеті.
Бұл орденмен азаматтық құқықтар үшін, соның ішінде сөз бен ақпарат бостандығы үшін күресіп жүрген құқық қорғау ұйымдары мен азаматтық белсенділер марапатталады.
Конкурсты ұйымдастырушылардың айтуынша «марапатталғандардың арасында түрлі мерзімдерге бас бостандығынан айыруға сотталып және жазасын өтеген, сондай-ақ үстерінен қылмыстық істер қозғалған авторлар бар. Және олар арандатуларға, шабуылдарға, қауіп-қатерлерге қарамастан, бәрібір, өз ісіне адал болып қала білді. Бұл адамдар мемлекетпен теке тіреске баруға қорыққан жоқ».
«Солардың арқасында Ресей Федерациясында әлі күнге дейін жариялық бар, солардың күш салуының нәтижесінде өткен заман мен қазіргі уақыт туралы шындық айтылып, жағымпаздыққа, зұлматқа және ессіздікке ұрынуға жол бермейтін ұлттық намысымыз сақталып отыр», - делінген конкурстың сайтында.
Қазылар алқасының төрағасы шахмат бойынша әлем чемпионы, саясаткер Гарри Каспаров.
Марапаттау қаңтар айының екінші жартысында өтеді.