Журналистика келбетін өзгертіп келеді. Әрине, оған жаңа технологиялардың дамуы қатты ықпал етіп жатыр. Алайда одан біздің кәсібіміздің мәнісі өзгермейді, - дейді әріптестеріміздің көбісі.
Биыл біз бұрынғы клишелерден алшақтап, телевидениенің ішкі кухнясын көрсетпейік деп шештік. Ол бұрыннан белгілі нәрсе.
Сонда БАҚ қалай өзгерді? Ақпаратты тұтынушылар журналистерге қандай талаптар қояды? Қазір дәстүрлі БАҚ-тар басым ба, әлде интернет алға озып шықты ма? Осы мәселеге Меруерт Жақиянова мен Әділ Өнербаев жауап беруге тырысты.
Меруерт Жақиянова, тілші: 28 маусымды ақпарат саласында жұмыс істейтіндер бұрынғы әдетінше Журналистика күні деп санайды. Бірақ бұл мерекенің ресми атауы басқаша аталады және ол бірнеше рет өзгерді. Бүгінде журналистиканың жағдайы қалай? Оған қандай факторлар әсер етеді? Міне, осы сұрақтарды біз кәсіби мереке күні өзімізге жиі қоямыз. Бірақ бұл сұрақтарға бізге алғыс айтып жүрген оқырмандарымыз бен көрермендеріміз де жауап бере алады. Алайда олар бізге үнемі алғыс айтып жүр ме? Себебі соңғы кезде журналистер «қуырылған» жаңалықтарды іздейтін болды, - деп жүр емес пе олар? Ал кейбіреулері «журналистер «фейктік» жаңалықтарға әуестеніп жүр, - дегенді қосады. Сондықтан журналистика қай кезде аяқталып, оның орнын ойдан шығарылған жаңалықтар басатынын немесе өсек-аяң белең алатынын анықтап алу керек. Осыған орай сауалнама жүргізіп көрейік.
- Журналистер теледидардан көрермен көргісі келген нәрсені көрсетуге тырысады. Ал интернете қалауыңша кез келген елден кез келген ақпаратты табуға болады.
- Мен интернетті де пайдаланам және қазақстандық, ресейлік теледидарды да көрем.
- Ал мен жаңалықтарды сирек көрем. Мүмкін аптасына бір рет көретін шығармын. Негізінен, жаңалықтарды интернеттен оқимын. Ал оларға сенуге бола ма, жоқ па – ол әрбір адамның өзіне байланысты. Мен өзім бірақ оларға онша сеніңкіремеймін.
- Мен жаңалықтарға мүлдем сенбеймін. Неге екенін бірақ білмеймін.
- Ал мен БАҚ-тарға, жаңалықтарға сенем. Себебі олар шынайы жаңалықтарды береді, сондықтан ондай жаңалықтарды естігенде қуанам.
Қазақстанда тұратын үлкен адамдар үшін, әсіресе ауыл тұратындары үшін – теледидар жаңалықтарды еститін басты қайнар көз.
Мысалы, Қызылорда облысы Қарауылтөбе ауылының ақсақалы Амангелді Досмаханұлы күн сайын «Астана» телеарнасының кешкі жаңалықтарын көреді. Зейнеткер кезінде сөткелеп поштаны тосқан уақытты
өкінішпен еске алады. Ол кезде жаңалықтардың ең тез тарайын түрі «ұзынқұлақ» болатын, - дейді ақсақал.
Амангелді Досмаханұлы, Қызылорда облысы Қарауылтөбе ауылының ақсақалдар кеңесінің төрағасы: Ол кезде біз газеттердің келуін тағатсыздана күтетінбіз, бірақ оларда шынайы және толық ақпарат болды деп тағы айта алмаймын. Ал қазір теледидарды қоссаң болды, бүкіл әлемде не болып жатқанын білесің. Жаңалықтарды «Астана» телеарнасынан көрем. Күн сайын кешкі сағат 8-де жаңалықтарды тосам. Сондықтан елде не болып жатқанынан хабардармын.
Биыл «Астана» телеарнасының бас директоры Ләззат Танысбай «Қазақстан журналистикасы мен ұлттық телевидениені дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін» сыйлығымен марапатталды.
Ләззат Танысбай «Астана» телеарнасының бас директоры: Ең қиыны – өзгерістер заманында өмір сүру. Біздер үшін, атап айтсам, еліміздің Тәуелсіздігі жылдары қалыптасқан Қазақстан журналистері саңлақтары мен масс-медиа өкілдері үшін – бұл өте қызықты кезең болды. Бұл тек қиын кезең ғана емес, бұл, сонымен бірге, біздерге жаңа мүмкіндіктер де берді. Біз мемлекетіміздің қалыптасу кезеңіндегі тарихи оқиғаларды көріп қана қоймай, сол оқиғалардың куәсі де болдық. Сол оқиғаларды көрермендерімізге объективті және дер кезінде жеткізіп тұрдық. Қоғамдық пікір қалыптастырдық. Бұл біз үшін үлкен құрем болды, сондықтан мен бүгін барлық әріптестерімді мерекемелерімен құттықтаймын. Бәріне шығармашылық табыс тілеймін, және біз мемлекет мүддесі үшін қызмет етіп жүрміз деп сенем. Бұл біздің басты миссиямыз.
Меруерт Жақиянова, тілші: Журналистикаға түрлі жолдармен келуге болады. Қалам мен микрофон мамандығын филологтар да, қаржыгерлер де, тарихшылар да, басқа да мамандық иелері игере алады. Алайда бәрі бірдей шығармашылық шыңынан көрініп жүрген жоқ. Жақында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жоғары оқу орындарына (ЖОО) академиялық бостандық берілетінін айтты. Бұл – журналистиканың болашағына да қатысты. Журналистика сияқты күрделі кәсіппен енді кез келген мамандық бойынша жоғары білімі бар және медиа курстан өткен адамдар айналыса алады. Мысалы, енді экономист-журналистер, медик-журналистер пайда болады. Министрдің пікірінше, экономисті журналист мамандығына оқытуға қарағанда, журналисті экономист мамандығына оқыту қиындау екен. Сағадиевтің айтуынша, журналистика – кәсіп, сондықтан студенттер ЖОО-да 4 жыл оқып, уақытын бекер жоғалтып жүрген көрінеді.
Мысалы, менің әріптестім қай мамандыққа оқығанын білсек, артық болмайды.
Виталий Югай, «Астана» телеарнасының ақпараттық талдау бағдарламасы қызметінің шеф-редакторы: Мен психологқа оқыдым, ал жаңалықтар жасайтын журналистикаға кездейсоқ келдім. Мен өзімді жолым болған журналиспін деп санаймын, себебі мен жақсы тәжірибе жинадым. Менің журналист деген дипломым жоқ, алайда менің ойымша, жақсы маманды университетте қандай мамандық алып шыққанына қарап емес,
жұмыс істейтін салада өзін қалай көрсеткеніне қарап анықтау керек. Және де жақсы журналист болу үшін адамның ой-өрісі кең болуы керек.
Меруерт Жақиянова, тілші: Мен шеттілі филологиясын оқыдым. Ал сүйікті мамандығым бойынша жұмыс істеп жүргеніме үш жыл болды. Телевидениенің құпияларын әлі меңгеріп жатырмын. Бәріне үлгеру қиын. Мысалы, біздің әріптестерді Батыста әмбебап солдаттар деп атайды. Ол жақта журналистер сюжетті де өзі түсіреді, өзі монтаждайды, өзі мәтін жазады. Шынымен, универсалды журналистер. Қазақстандық журналистика да осы жолға түсіп келеді. Ал министрдің жоғары білімге қатысты айтқан пікірі, әрине, даулы мәселе. Мысалы, менің әріптесім Әділ Өнербаев осы мәселеге қатысты педагогтер мен профессорлардың пікірін білді. Сонымен, Әділ, сөз сізде.
Әділ Өнербаев, тілші: Меруерт, рахмет. Журналист болу үшін міндетті түрде ЖОО-да оқу керек пе деген мәселеге қатысты пікірлер әртүрлі. Әрине, Қазақстан журналистикасы тарихында журналист мамандығына оқымаған тамаша кәсіби мамандар бар. Алайда сарапшылардың бәрі – нағыз журналист болу үшін өмір бойы оқып, үйренуің керек деген пікірмен келіседі. Ал өндірістік практика – оқу процесінің маңызды элементі. Журналистика факультетінің студенті Жәмила Бақтиарқызы бірінші курсты бітіре салысымен, журналист болып жұмысқа кірісіп кетті және ол осы мамандықты таңдағанына өкінбейді.
Жәмила Бақтиарқызы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенті: Жұмыс істеген бір жылда көп нәрсені білдім, ең бастысы, журналист ешқашан өз ойын басқаға таңбауы керек. Ол басқа біреуді айыптамау керек, оның қылығын талқыламауы керек. Ең бастысы – журналист тек ақпарат беруі керек: барды бар деп, жоқты жоқ деуі қажет. Журналисте стереотиптер болмауы керек. Сонымен бірге журналист халық, қоғам және мемлекет алдында жауапты екенін ұмытпауы тиіс.
Аудитория алдында жауапкершілік қашанда үлкен. Журналистерді төртінші билік және қоғамның маңызды бір бөлігі дейді. Мұндай сенімді ақтау оңай емес. Әсіресе қазір – фактіні фейктен ажырату қиын болып кеткен кезде.
Тағы бір мәселе бар – ол қаржы жағы. БАҚ-тар ақша таба білуі керек. Дәтүрлі баспасөздің позициялары соңғы кезде әлсіреп барады, бірақ бұл уақытша құбылыс, - деп санайды Сейітқазы Матаев.
Сейітқазы Матаев, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы: Дәстүрлі БАҚ-тар, атап айтқанда, газеттер, телевидение, радио әлсіреп барады, оларға беретін жарнама да азайып кетті деген қауіп бар. Бірақ, менің ойымша, бұл уақытша құбылыс және, жалпы алғанда, Қазақстан журналистикасының болашағы зор.
Көп жағдайда, адамдар шындықты іздегенде БАҚ-қа жүгінеді. Олар өздерінің тауқыметі мен проблемаларын БАҚ-қа келіп айтады. Мысалы, Ақтөбеде бір жасар бала - шешесінің кесірінен соқыр болып қалды. Жаңалықтарда сол бала туралы айтып еді, жүздеген қазақстандықтар көмекке келіп, баланы Алматыға әкеліп, тәжірибелі окулистерге емдетуге мүмкіндік
туды. Соның арқасында баланың көзі көретін болды. Тағы бір мысал, Өскеменде «Бәрі – рахмет үшін» деп аталатын жалғыз тегін дүкен бар. Міне сол дүкеннің ғимаратын біреулер тартып алғысы келді. Жабық базардың қожайыны дүкеннің иесіне «не дүкенді жалға алғаның үшін ақы төлейсің немесе ғимаратты босат» деген шарт қойып, қайрымдылықтың жолын кеспек болады. Алайда теледидардан көрсетілген сюжеттен кейін екі жақ мәмлеге келіп, қазір әлеуметтік жоба қайтадан жұмыс істеп, халықты қуантуда. Бұл дүкенде жай ғана РАХМЕТ айтқаның үшін тегін киім, аяқкиім, жиһаз, кітаптар береді. Дүкеннің филиалдары бүкіл облыс бойынша ашылып жатыр.
Татьяна Цветкова, ШҚО-ның Іскер әйелдер ассоциациясы төрайымы: БАҚ-тардың көмегінің арқасында және біздің дүкенге келіп тұратын белсенді азаматтардың қолдауынан кейін, бүкіл қоғам көтеріліп, біз дүкенді аман алып қалдық. Қазір адамдар тегін киімді қайдан алуға болатынын біледі. Мұндай оқиғалар көп. Міне, осындай сюжеттер мен постар – қоғамдық қатынастарды реттеп, тараптарды байланыстырып тұратын көпірге айналды. Әрине, БАҚ-тар – жаңа технологиялардың ықпалымен әлі де өзгере береді. Бірақ олар ақпарат тарату сияқты мәнісі мен міндетін жоғалтпайды. Қазір саусағыңмен пультті бір рет бассаң болды, кез келген ақпаратты таба аласың. Ең маңыздысы, сол ақпаратты кәсіби түрде объективті жеткізе білуің керек.
Әділ Өнербаев, Әсет Елембаев, Меруерт Шалбаева.
http://astanatv.kz © Astana TV